2019 жылғы 23–24 тамыз
Қазақстан Республикасының «Интервенциялық кардиологтар және эндоваскулярлық хирургтар қоғамының» кезекті көшпелі сессиясы 23-24 тамызда Ақтау қаласында өтті және Маңғыстау облыстық ауруханасының 30-жылдығына орайластырылды. Сессия аясында «Эндоваскулярлық хирургиядағы күрделі клиникалық жағдайлар, оларды емдеу жолдары және асқынулардың алдын алу» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді.
Конференцияда кардиология мен кардиохирургияның өзекті мәселелері қаралды: миокард реваскуляризациясы, инвазивті операциялар кезіндегі антиагрегантты терапия, катетерлік абляция. Оның барысында «Интервенциялық кардиологтар және эндоваскулярлық хирургтар қоғамы» РҚҰ-ның Басқарма Төрағасы Оразбек Сахов (Қазақстан, Алматы) сөз сөйлеп, интервенциялық кардиологиядағы негізгі оқиғаларға шолу жасады. Қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдар өздерінің кардиохирургиялық операциялардан кейін ауыр науқастарды емдеу тәжірибелері туралы айтып, созылмалы окклюзияларды емдеуге қатысты күрделі және сирек жағдайлар бойынша кеңес берді, заманауи шығыс материалдарының кейбір түрлерінің хирургиялық тәжірибеде қолданылуын талқылады.
Meruzhan Saghatelyan (Армения, Ереван) созылмалы окклюзияға қатысты кейбір күрделі жағдайлар туралы айтып, оларды жапондық Asahi Intecc компаниясының катетерлері мен өткізгіштерінің көмегімен табысты хирургиялық емдеу төңірегінде әңгіме қозғады.
Ерсін Сәбитов (Қазақстан, Семей) қансырау қаупі жоғары науқастарды интервенциялық емдеудің ерекшеліктеріне толығырақ тоқталды. Ол швейцариялық Biosensors International компаниясының BioFreedom стенттерін қолданды – бұл дүние жүзінде осындай жағдайларда қысқартылған антиагреганттық терапиямен бірге қолданылуы тұрғысынан дәлелді негізге ие жалғыз стент болып табылады. Екі еселенген антиагреганттық терапия ретінде ацетилсалицил қышқылы мен клопидогрел үйлесімі 1 ай бойы қолданылды.
Конференцияның екінші күнінде ми артериялары ауруларын интервенциялық емдеу, бауырдың қатерлі ісігі кезіндегі химиоэмболизация, рентген сәулелерінен қорғанудың заманауи тәсілдері, жүрек клапандарын имплантациялау мәселелері қаралды. Жариев К.М. Жаңаөзен қаласында жаңа кардиоорталықтың ашылғандығы туралы хабарлады.
Медкор компаниясының көрмелік стендінде заманауи медициналық бұйымдардың болашағынан үміт күттіретін үлгілері - жапондық Asahi Intecc компаниясының жаңа катетерлері мен өткізгіштері көрсетілді, олармен дәрігерлер симуляторларда тікелей таныса алды.
Clever Medical зауытының стендінде әртүрлі хирургиялық операцияларды өткізуге арналған жаңа жеке емшаралық жинақтамалар ұсынылды. Бұл барлық Еуропалық талаптарға сәйкес жоғары сапалы медициналық өнім өндіретін алғашқы отандық кәсіпорын болып табылады. Ұсынылған өнімдердің алуан түрлілігі барлық мамандықтардағы дәрігерлердің орынды қызығушылығын тудырды.
Конференцияның жұмысына Ресейден, Украинадан, Армениядан, Үндістаннан және басқа да елдерден келген шетелдік дәріскерлер қатысты.